«Бір ел - бір кітап - 2026» республикалық акциясы
Құрметті оқырмандар!
2026 жылы акция аясында халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтың «Тағдыр» романы жыл кітабы болып таңдалды. Шығармада қазақ халқының тарихи тағдыры, ел басынан өткен күрделі кезеңдер, ұлт болмысы мен рухани құндылықтары терең көркемдікпен суреттеледі. «Тағдыр» романы – тарихи сананы қалыптастырып, отансүйгіштік пен ұлттық рухты нығайтатын маңызды әдеби туынды. 1990 жылы осы шығарма үшін Қабдеш Жұмаділовқа Абай атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Акцияның негізгі мақсаты – Қабдеш Жұмаділовтың бай әдеби мұрасын кеңінен насихаттау, жас ұрпақты көркем әдебиетті оқуға баулу, ұлттық құндылықтарды дәріптеу.
Барша оқырмандарды «Бір ел – бір кітап» акциясына белсене қатысып, Қабдеш Жұмаділовтың тағылымы мол шығармаларымен танысуға шақырамыз!
Тағдыр мен тарихты тоғыстырған тұлға
«Бір ел - бір кітап» акциясы аясында 13 кітапхана бөлімшесінде 7 - сынып оқушыларына арналған әдеби - танымдық сағат өтті. Іс - шара қазақтың көрнекті жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романы негізінде ұйымдастырылды.
Кездесу барысында оқушылар шығарма мазмұнымен танысып, ел тарихы мен ұлт тағдыры туралы ой бөлісті. Роман кейіпкерлерінің өмір жолы арқылы туған жерге деген сүйіспеншілік, ұлттық рух пен адамгершілік құндылықтар кеңінен насихатталды.
Кітап - тарих пен тағдырды сабақтастыратын рухани қазына. Осындай игі шаралар жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттыра түседі.
