2 сәуір - Халықаралық балалар кітабы күніне орай қалалық балалар кітапханасында «Ғажайып кітап әлемі» атты мерекелік кеш өткізілді.
Шараның мақсаты - балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, шығармашылық қабілетін дамыту және ұлттық әдебиетпен таныстыру.
Мерекелік кешке қаламыздың ақын-жазушылары - Айтбозым Мұратбеков, Атамбек Наурыз, Бақтыгүл Ауданова қатысып, жас оқырмандарға жүрекжарды тілектерін арнады. Кешке қалалық балалар кітапханаларының белсенді оқырмандары, ата-аналар, «Сәт» бөбекжай-бақшасының бүлдіршіндері мен тәрбиешілері белсенді қатысты.
Кеш барысында «Тәуелсіздік елдің тірегі», «Шаршама ұстаз» әндері орындалып, «Қамажай» биі биленді, домбыра үнімен «Ертұран» күйі тарту етілді.
Балалар Қожагелді Исаевтың «Аңқау қасқыр» ертегісі желісі бойынша көрініс қойып, «Ғажайып кітаптар әлемі» электронды ойынына қатысып, сұрақтарға белсенді жауап берді.
Шара «Қазақстаным»әнімен қорытындыланып, «Балалар әдебиетінің ғажайып әлемі» атты кітап көрмесіне шолу жасалды.